Зарина Дияс Түркиядағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстандық, әлемнің 488-ракеткасы Зарина Дияс Кайсери (Түркия) ITF W50 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Prosports.kz
Бүгін 31 жасқа толған қазақстандық теннисші екінші айналымда германиялық Пия Прёфкемен сынға түсті.
Бірінші партияда Зарина 3:0 есебімен алға кеткенімен, германиялық, 21 жастағы теннисші таразы басын теңестіре алды. Дегенмен тай-брейкте Дияс айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:1).
Екіншісінде Зарина қарқынын тіпті үдетті – 6:1.
З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 256-ыншы, осы жарыстың 5-ракеткасы, румыниялық Патрисия-Мария Тигті жолдан тайдырған еді — 3:6, 6:4, 6:2.
Зарина Дияс жартылай финалға шығу үшін түркиялық Дениз Дилекпен таласады. Ол күтпеген жерден әлемнің 212-інші, доданың 1-ракеткасы, Кипр өкілі Ралука Джорджана Шербанды ұтып кетті – 6:4, 6:4.