ARTLine Kazakhstan командасы жеңіс тұғырынан көрінді
ARTLine Kazakhstan командасы дүбірлі додада 6 жүлде жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz
Өткен демалыс күндері Испаниядағы «Барселона-Каталония» трассасында Lamborghini Super Trofeo еуропалық сериясының 5-кезеңі өтті. ARTLine Kazakhstan командасының шабандоздары үш алтын және үш күміс кубок жеңіп алды. Қазақстанның туы алты рет көтеріліп, еліміздің Әнұраны үш рет шырқалды.
ARTLine командасын үш шабандоз ұсынды: Шота Абхазава (Lamborghini Cup), Егор Оруджев (Pro Cup) және бельгиялық Найджел Байли (Am Cup). Барселонада 45 Lamborghini Huracán Super Trofeo EVO2 көлігі үш жарысқа қатысты.
Pro санатында бірінші жарыста Маттиа Микелотто мен Андреа Фрассинети (VS Racing) жеңіске жетті, ал екінші жарыста Амори Бондуэль жеңімпаз атанды. Егор Оруджев екінші жарыста екінші орын алып, соңғы жарыста жеңіске жетті.
Шота Абхазава Lamborghini Cup санатында бірінші жарыста күміс кубокты иеленіп, Петар Матичке жол берсе де, жексенбіде екі жарыста жеңіске жетті. Шотаның жалпы бес жеңісі бар. Am санатында Найджел Байли үшінші орынға ие болып, қорытынды хаттамада екінші орынға көтерілді.
ARTLine Kazakhstan командасы бұл кезеңнің ең нәтижелі командасы атанды.