Жарақаты кесірінен Олимпиадаға қатыспаған Елена Рыбакина кортқа оралды
Әлемнің 5-ракеткасы, қазақстандық спортшы Елена Рыбакина ұзақ үзілістен кейін жаттығуларын жалғастырды. Бұл туралы Nur.kz хабарлады.
Елена Рыбакинаны қолдайтын Х желісіндегі Sebastien G. парақшасы қазақстандық теннисшінің Дубайда жаттығып жүргенін айтты. Сонымен қатар Рыбакинаның жаттығудан кейін жас спортшылармен түскен суретін жариялады.
«Елена Рыбакина WTA-ның қорытынды турнирі алдында жаттығу жасап жүрген көрінеді. Фото кеше Дубайда жасалған», - деп жазды Х желісіндегі Sebastien G. парақшасы.
Әйелдер арасында әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина теннис кортына соңғы рет тамыз айында шыққан. Сол кезде алған жарақатының кесірінен бірнеше ірі турнирге қатыса алмады. Оның ішінде Париж Олимпиадасы да бар.
Айта кетейік, WTA рейтингі 7 қазанда жаңарған еді. Рыбакина 4-орыннан 5-орынға төмендеп, америкалық Коко Гауффқа жол берді. Аталмыш рейтингтің көш басында польшалық спортшы Ига Швятек, Арина Соболенко және америкалық Джессика Пегула бар.