«Ертіс» – QFL Екінші лигасының чемпионы атанды
«Ертіс» – QFL Екінші лигасының чемпионы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz
Бүгін QFL Екінші лигасының кезекті маусымы аяқталды. Нәтижесінде «Солтүстік-Шығыс» конференциясында «Ертіс» клубы топ жарды. Шешуші 22-ші турда команда сырт алаңда «Қызылжар» жастарын 0:3 есебімен жеңді. Команда сапында Жасұлан Қайыркенов гол соғып, Арман Смайылов дубль авторы атанды.
Павлодарлықтар осы маусымда 18 жеңіс, 2 тең, 2 жеңіліс көрсеткішін тіркеді. Барлық ойындардың қорытындысы бойынша, Николай Гавриш шәкірттері 56 ұпай жинап, қарсылас қақпасына 70 гол соққан. Сонымен қатар, клуб шабуылшысы Арман Смайылов 19 голмен турнирдің үздік сұрмергені атанды.
Айта кетейік, өткен жылы қайта жаңғырған бес дүркін Қазақстан чемпионы, алғашқы маусымында-ақ QFL Екінші лигасында қарсылас шақ келтірмеді. Осылайша, команда 2025 жылы QFL Бірінші лигасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Ал «Солтүстік-Шығыс» конференциясында екінші орын «Шахтер» жастарына бұйырса, үштікті «Астана» жастары түйіндеді.
Айта кетейік, QFL Екінші лигасы 9 сәуір мен 1 қазан аралығында өтті. Бұған дейін «Оңтүстік-Батыс» конференциясында алматылық AKAS бірінші рет чемпион атанған еді. Ал күміс медальді «Жас Қыран» алса, «Оңтүстік» клубы қола жүлдеге қол созды.