Ақтөбеде 35 мың орындық стадион қашан дайын болады?

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров қалада футбол стадионын салуға дайындық туралы айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
– Стадион салу оңай шаруа емес. Үлкен қаражат қажет. УЕФА талаптарын да ескеруіміз керек. Құжаттарды дайындау, келісу жұмыстары шамамен бір жылға созылды. Футболды дамыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біз өз тарапымыздан инфрақұрылымды қолға алдық. Жақында футбол академиясы ашылды. Балаларды 6 жастан бастап іріктеп, академияға жібереміз. Ал жанкүйерлерге келсек, олар өте белсенді. Стадион 13 мың көрерменді сыйдыратын болса да, билеттер жетіспейді. Сондықтан Ақтөбеге үлкен стадион қажет. Бастапқыда 30 мың орындық болады деп айтылған еді. Бірақ 35 мың орындық стадион салынатын болды. Сонда жоғары деңгейде ойындар өткізуге мүмкіндік болады. УЕФА-мен келісім жасалды, футбол федерациясы да қолдау көрсетіп жатыр. Құрылыс мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүргізіледі. Жоба бар, негізгі құжаттар дайын. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін компанияны анықтап, келесі жылы құрылысты бастаймыз.
Бізде тәжірибелі компаниялар жоқ, сондықтан шетелдік мердігер құрылыс жүргізеді. Технологияға сәйкес, құрылыс 1 жыл 8 айда аяқталуы тиіс. 2026 жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз, - деді Шахаров Inform.kz-ке берген сұхбатында.