«15 жыл күттім»: Айдос Сұлтанғали алғаш рет Олимпиадада өнер көрсетеді

«15 жыл күттім»: Айдос Сұлтанғали алғаш рет Олимпиадада өнер көрсетеді

Екі әлем чемпионатынан жүлде алып, Азияны бағындырған Айдос Сұлтанғали 28 жасында алғаш рет Олимпиадаға барайын деп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Айдос 2012-2017 жылдар аралығында кадеттер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарып, әлем біріншілігінде жүлдеге ілікті. Өзінің болашағы бар балуан екенін спортшы жастайынан дәлелдеген-тін. Ересектер қатарына өткен соң Қызылорда күрес мектебінің түлегі ең жеңіл олимпиадалық салмақ – 60 келіге ауысып, ұлттық құрамаға қабылданды. 

Айдос Сұлтанғалиді қазақ жанкүйері 2018 жылы тани бастады. Тура сол жылы қызылордалық балуан Венгияның Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен 60 келі салмақта қола медаль жеңіп алды. Рио Олимпиадасындағы балуандар сәтсіздігінен соң Айдос секілді жас таланттың шыққаны мамандарды да, көрерменді де қуантқан еді.

Талантты балуан мұнымен тоқтап қалмай, 2021 жылы Алматыда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Карантиннің қиындығына қарамай өткізілген құрлық додасындағы жеңіс Токио Олимпиадасына жол ашқандай көрінген. Алайда, бапкерлер жазғы ойындарға Айдос Сұлтанғалиді емес, Мейрамбек Айнағұловты жіберуді жөн көрді. 

Осылайша, олимпиадалық циклде әлем чемпионаты мен Азия біріншілігінен жүлде алған Сұлтанғали төртжылдық додасынан сырт қалып кетті. Бұл жағдай бабында тұрған балуанға айтарлықтай әсер еткені рас. Бірақ Айдос ерік-жігерін жоғалтқан жоқ. Спорттық қағидаттардан аттамай, келесі жарыстарға дайындығын жалғастыра береді.

«Грек-рим күресінен екінші сыныптан бастап шұғылданып келем. Осы уақыт аралығында тек чемпион болуды, Олимпиадада бақ сынауды мақсат еттім. Иә, түрлі қиындықтар болды. Спорт болған соң, өмір  болған соң, бұл заңды да... Шыны керек, осы Олимпиаданы 15 жыл күттім. Қандай қиындық кездессе де, мойығаным жоқ. Өйткені, менің Олимпидаға қатыссам, Олимпиадада топ жарсам деген тәтті арманым бір сәтке де ойымнан шыққан емес. Бәрінің сәті биыл туып, Бішкекте өткен лицензиялық турнирде жеңіске жеттім. Тағы да қайталап айтам, мен түбі Олимпиадаға баратыныма сенгенмін», - деді Айдос.  

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или