Қазақстан Олимпиаданың соңғы іріктеуіне қатысатын боксшылардың тізімін атады
Қазақстан құрамасының баспасөз қызметі 2024 жылы Бангкок қаласында (Таиланд) өтетін Олимпиада ойындарының соңғы лицензиялық турнирінде өнер көрсететін боксшылардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Бүгін Қазақстан құрамасы Тайландқа келді. Екінші дүниежүзілік лицензиялық турнир 24 мамырда Бангкокта басталады. Жарысқа қатысуға 133 командадан 600 боксшы өтініш білдірген. Париж Олимпиадасына 13 салмақ дәрежесі бойынша 248 лицензия, оның ішінде соңғы лицензиялық турнирге қалған 51 лицензия (әйелдер үшін 23, ерлер үшін 28) бар.
Қазіргі уақытта Қазақстан ерлер құрамасының бір ғана салмақ дәрежесі бойынша лицензиясы жоқ. Мұхамедсабыр Базарбайұлы Бангкокта 63,5 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді.
Әйелдер құрамасында Қазақстан намысын бес боксшы қорғайды:
- 50 келі - Назым Қызайбай;
- 54 келі - Ұлжан Сәрсенбек;
- 60 келі - Римма Волосенко;
- 66 келі - Наталья Богданова;
- 75 келі - Валентина Хальзова.
23 мамырда жеребе тартылып, алғашқы қарсыластар анықталады. Жарыс екінші маусымға дейін жалғасады», - деп хабарлайды Федерация.