Юрий Мельниченко: Балуандардың деңгейін жоғары бағалаймын
Грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Юрий Мельниченко Бішкекте өтетін лицензиялық турнирге дайындықтың қалай жүріп жатқанын айтты, деп жазады Olympic.kz.
Бас бапкердің мәліметінше, жаттығу жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр.
"Алматыда ашылған олимпиадалық даярлау орталығында бірнеше жаттығу жиынын өткіздік. Соңғы жиынымыз 30 наурызда аяқталды. Енді жігіттер 7 сәуір күні сол базаға қайта оралады. Осы бір ультра заманауи спорт кешенінің өте ыңғайлы екенін айтқым келеді. Жаттығуға барлық жағдай жасалған, кешен әлемдік талаптарға толығымен сай.
Қазіргі таңда команда қоржынында бір жолдама ғана бар. Лицензия иегері Нұрсұлтан Тұрсынов қазіргі таңда жеке жоспарымен Ресейдің Новосибирск қаласында жаттығып жатыр. Қасында жеке бапкері және спарринг өткізетін командаласы Евгений Поливадов бар. Бүгін ғана онымен сөйлесіп, әрі қарайғы жаттығу жоспарын талқыладық. Мұнда Ресейдің мықты деген балуандары да дайындалуда. Сондықтан, бұл жиын Тұрсынов үшін жемісті болары сөзсіз.
Лицензиялық турнирге қатысатын балуандардың деңгейі жаман емес. Бәрі де жарақатсыз, қандай да бір кедергісіз жаттығуда. 21 сәуір күні жолдама үшін кілемге шығады. Қазір нақты осынша лицензия аламыз деп айта алмаймын. Барлығы да жолдама иеленсін деген тілегім бар", - дейді бас бапкер.
Қырғызстан астанасы Бішкекте өтетін лицензиялық турнир 19-21 сәуірге жоспарланған.