Мадияр Құрамысов: Лицензиялық турнирге қызу дайындық жүріп жатыр
Еркін күрестен Қазақстан командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов Бішкекте (Қырғызстан) өтетін лицензиялық турнир қарсаңында балуандардың дайындығы жайлы айтты, деп жазады Olympic.kz.
Бас бапкер мәліметінше, қазіргі таңда құрамадағы кейбір балуандар Осетияда жаттығып жатыр.
«Жігіттердің дайындығы жаман емес. Қазір Нұрғожа Қайпанов, Әлішер Ерғали, Юсуп Батырмұрзаев бастаған балуандар Осетияда дайындауда. Азия чемпионатына қатысатын Ризабек Айтмұхан мен Азамат Дәулетбеков те сонда.
Қырғызстанға аттанар алдында соңғы жаттығу жиыны өтеді. Содан соң, спортшылар бар күшін кілемде көрсетпек.
Негізі, екі лицензия алсақ деген жоспар бар. Бірақ болжам жасауға асықпаймыз, бәрі бозкілемде белгілі болады»,- деді Құрамысов.
Еске сала кетейік, Бішкектегі лицензиялық турнир 19-21 сәуірге жоспарланған.