Таңат Сағындықов: «Aлты салмақта да жолдама алу жоспарымызда бар»

Қазақстаның грек-рим күресінің балуандары жақында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Таңат Сағындықов баптайтын еліміздің балуандары мұхиттың арғы бетінде өткен дүбірлі додада екі қола медальмен қатар, Рио де Жанейро олимпиадасының жолдамасына да ие болды. Осыған байланысты Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы Астанада арнайы жиын өткізіп, жүлдегер атанған балуандарымыз бен бапкерлерді марапаттады. Жиын барысында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Таңат Сағындықовпен жолығып, әлем чемпионаты туралы аз-кем әңгімелескен едік.

-Таңат аға, жақында Лас-Вегаста күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Осыған байланысты бас бапкер ретінде әлемдік доданы қорытындылап өтсеңіз...

-Балуандарымыз үшін биылғы басты жарыстардың бірі осы әлем чемпионаты болатын. Бұл жарыста тек жеңімпаздар мен жүлдегерлер ғана анықталған жоқ, келесі жылы Рио де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасы да сарапқа салынды. Грек-рим күресінің балуандарына бұйырғаны екі қола медаль екенін білесіздер. Бұдан бөлек екі жолдама бар. Жалпы айтар болсам, балуандарымыз Лас-Вегаста жаман күреспеді. «Әттеген-айы», жолдама саны бұдан да көбірек болатын еді. Бірақ, бір-екі балуанымыз медаль алар тұста мүлт кетті. Мәселен, Нұрсұлтан Тұрсыновты айтуға болады. Ол әлем чемпионатының жүлдегері фин балуанымен болған белдесуде қарсыласын ұпай санымен ұтып тұрған. Яғни, медаль да, жолдама да уысында еді. Өкінішке қарай, белдесу аяқталуға он бес секунд қалғанда Тұрсынов қолда тұрған жеңістен айырылып қалды. Осындай-осындай қателіктерді көптеп келтіруге болады. Жалпы, соңғы үш жылда балуандардың деңгейі біршама өсті. Оны әлем чемпионаты кезінде көптеген мамандардың да аузынан естідік. Енді жатпай-тұрмай еңбек ету керек. Алда әлі лицензиялық жарыстар бар.

-75 келі салмақта әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған Досжан Қартықовтың күресі туралы не айтасыз?

-Досжанға қатты риза болдым. Мен үшін әлем чемпионатының басты қаһарманы десем де артық айтқаным емес. Жеребе бойынша ол төрт бірдей әлем чемпионымен бірге бір топқа түсті. Соның екеуін жеңді. Ал, жартылай финалда ресейлік балуаннан ұтылып қалды. Бірақ, қола медаль үшін болған белдесуде Еуропа чемпионы, әзірбайжандық балуаннан айласын асырды. Досжанның күресіне әлем чемпионаты кезінде бүкіл мамандар тәнті болды. Бірінші рет дүниежүзілік додаға қатысып, қола жүлде алуын нағыз ерлік деуге болады.

-Былтыр Азия ойындарында ауыр жарақат алған Алмат Кебісбаевтың да осы жарысқа қатысу-қатыспауы екіталай еді ғой?..

-Әрине, Алмат былтыр өте ауыр жарақат алды. Бірақ, соған қарамастан, өзінің жанкештілігінің арқасында жаттығу жасап, қатарға қайта қосылды. Алматтың көздегені – Олимпиада ойындары. Әлем чемпионатында да жолдама үшін барын салды. Оның қола медалі де біз үшін құнды. Меніңше, келесі жылғы Олимпиада ойындарында Алмат та, Досжан да чемпиондық атаққа таласады деген ойдамын.

-Келесі жылы Әлем кубогы өтеді. Оған да қатысуымыз керек...

-Иә. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша біз командалық есепте бесінші орынға ие болдық. Бұған дейін грек-рим күресінің балуандары екі рет жетінші орын алған. Бұл енді біздің ең жоғары көрсеткішіміз. Әлем чемпионатында бесінші орын алғанымызға байланысты келесі жылы Әлем кубогында күресетін елдердің қатарына кірдік. Иранда болатын әлем кубогына 10 команда қатысады. Біз үшін негізгі жарыс тек әлем кубогы ғана емес. Балуандарымыз Азия чемпионаты мен іріктеу турнирлерінде де бақ сынайды. Ал жылдың басты жарысы – Олимпиада ойындары.

-Келесі жылдың көктемінде Астанада лицензиялық турнир өтеді. Басты қарсыластарымыз деп кімдерді атар едіңіз...

-Лицензиялық жарыс Азия елдерінің ішінде өтетіндіктен негізгі қарсылас ретінде Оңтүстік Корея, Иран, Өзбекстан, Қытай құрамаларының балуандарын айтуға болады. Дегенмен, Иран балуандары әлем чемпионатында 3 салмақта жолдама алып қойды. Ал, Оңтүстік Кореяға 1 жолдама бұйырды. Кәрістер Азияда өте мықты ұжым саналады. Олардың 59, 66 және 75 келі салмақтарындағы балуандары мықты. Бірақ, біз олармен кілемде жолықпаймыз. Өйткені, бізде 59 бен 75 келіде жолдама бар. Оларда жоқ. Ал, 66 келіде олардың бір балуаны әлем чемпионатында күміс медаль алды. Яғни, 66 келіде Оңтүстік Корея балуаны болмайды деген сөз.

-Олимпиадаға қанша балуан апаруды жоспарлап отырсыз?

-Бұйырғанын көреміз. Негізгі жоспар бойынша алты салмақта да жолдама алу ойымызда бар.

-Әңгімеңізге рахмет!

confederation.kz сайтының материалы бойынша

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или