«Ақтөбеге» жаңа бас бапкер келді. Ол кім?
«Ақтөбе» футбол клубы украиналық жаттықтырушы Дмитрий Парфеновтың бас бапкер лауазымына тағайындалғанын ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі клуб баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«49 жастағы маман футболшы ретінде мәскеулік «Спартак» намысын қорғап, Ресейдің төрт дүркін чемпионы атанған. Украина ұлттық құрамасында өнер көрсеткен.
2012 жылы бапкерлік мансабын бастап, Ресей жасөспірімдер құрамасының тізгінін ұстайды. Кейіннен «Текстильщик» клубын баптап, «Тосно» ұжымымен Ресей Кубогін жеңеді.
Одан бөлек, ресейлік «Урал» клубымен де ел кубогінің финалына дейін жетіп, тулалық «Арсеналды» жаттықтырады. Кейінгі жұмыс орны «Родина» клубы болып, онымен бірге РПЛ-ға жолдама беретін өтпелі матчтарда бағын сынайды.
Дмитрий Владимировичке қош келдіңіз дей отырып, оған «Ақтөбе» тізгінінде мол табыс тілейміз!», - делінген клуб хабарламасында.