Александр Бублик Бельгиядағы турнирдің ширек финалына шықты
Қазақстандық Александр Бублик жұптық сында Антверпен (Бельгия) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші 1/8 финалда ресейлік Александр Шевченкомен бірге бельгиялықтар Микаэль Гиртц — Готье Онклинмен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда тай-брейкте Бублик пен Шевченко әбжілдік танытты – 7:6 (7:4). Екіншісінде бельгиялық дуэт қарымта қайтарды – 6:4.
Супер тай-брейкте қазақстандық-ресейлік жұп жеңісті жұлып алды – 12:10.
Сағат жарымға созылған матч барысында А.Бублик пен А.Шевченко 7 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жібермеді.
Гиртц пен Онклин 4 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Қос Александрдың ширек финалдағы қарсыластары кейін анықталады.
А.Бублик жекелей сында 3-ракетка болып тіркелгендіктен, жарысты екінші айналымнан бастайды.