Сағындық Тоғамбай: Қола медальға көңілім толмай тұр
Қытайда өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық боксшы Сағындық Тоғамбай жартылай финалда жеңіліс тапты.
– Біз ешқашан сатылған емеспіз, сатылмаймыз да. Бұл – қате пікір, қате ақпарат. Жартылай финалдағы Қытай боксшысымен болған айқас мен үшін өте қиын жекпе-жектің бірі болды. Негізі, оңай жеңетін боксшы еді. Өзім қиындатып алдым. Қолымның ұзындығын пайдаланып, ұрып шығуым керек-тұғын.
Оның үстіне қарсыласым қаншама соққы алса да, есеңгіреуді, артқа жылжуды білмейді және шаршамайды екен. Оны бұған дейін халықаралық жарыстарда көрмегенмін. Финалға шыққанымда Париж Олимпиадасының жолдамасына ие болатын едім. Сондықтанда қола медальға көңілім толмай тұр, - деді боксшы.
92 келі салмақ дәрежесінде 1/2 финалда қытайлық Сюэчжэень Ханға есе жіберді. Десе де ол Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.