Нұрсұлан Тұрсынов әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі
Сербия астанасы Белградта күрестен әлем чемпионатының 8-жарыс күні өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Санаулы сәттер бұрын Ұлттық құрама спортшысы Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) жартылай финалда былтырғы қола медаль иесі Әли Дженгизден (Түркия) жеңіліп қалды. Енді Нұрсұлтан ертең 2 дүркін әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының жеңімпазы Жан Беленюк (Украина) немесе Жолдасбек Бердімұратовтың (Өзбекстан) бірімен қола жүлдені және Париж Олимпиадасының жолдамасын сарапқа салады.
Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) алғашқы кездесуінде Мирко Мингуцциды (Италия), Парк Санхёкты (Оңүстік Корея), сосын ширек финалда 3 дүркін Азия чемпионы Насыр Ализадені (Иран) орта жолда қайтарды.
Сондай-ақ бүгін бозкілемге Ұлттық құрама палуандарынан Мұхамедәлі Мамырбек (63 кг), Алмат Кебіспаев (67 кг), Ибрагим Магомадов (72 кг) шығып, қарсыластарына ерте жол берді.
Алмат Кебіспаев (67 кг) іріктеуде ресейлік палуан Аслан Висаитовты ұтқанымен, 1\16 айналымда Мамада Силладаға соңғы секундтарда әдіс жасауға мүмкіндік беріп қойып, айласын асыра алмады. Франция құрамасының палуаны келесі кезеңде былтырғы қола жүлде иегері қырғыз Амантұр Исмаиловтан жеңілгендіктен, Алмат жұбаныш белдесулеріне қатыса алмайды.