Қазақстандық спортшы оқ атудан әлем чемпионы атанды

Қазақстандық спортшы Никита Чирюкин ұлттық құрама қоржынына алтын медальді жеңіп алып, жасөспірімдер арасында оқ атудан әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Prosports.kz.
19 шілдеде Спортты дамыту дирекциясы хабарлағандай, атыс бойынша ұлттық құраманың мүшесі Никита Чирюкин Чанвон қаласында (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетті. Кіші калибрлі тапаншадан 25 метрден атуда оған тең келер ешкім болмады.
Күміс қытайлық Чжан Жихаоға бұйырса, қола кореялық Сук Джин Хунға бұйырды.
Енді бір алтыны бар Қазақстан құрамасы жалпы есепте сегізінші орынға көтерілді.
Чанвондағы әлем чемпионаты 25 шілдеде аяқталады. Биыл жарысқа 45 елден 600-ден астам спортшы қатысты.