Махмұд Сабырхан жаңа салмаққа қатысты сын айтқандарға жауап берді
Бокстан 2023 жылғы әлем чемпионы Махмұд Сабырхан олимпиадалық салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады.
54 келіде сынға түсіп келген спортшы 57 келіге ауысатынын мәлімдеді. Көпшілік жанкүйер бұл салмақтағы боксшылар үшін Махмұдтың бойы кішкентай екенін айтқан еді. "57 келі оңай болады деп айта алмаймын. Қарсыластар өте көп. Қазақстанның өзінен шығу өте үлкен жетістік болайын деп тұр.
"Елорда кубогінде" бар күшімді салып, аянып қалмаймын. "Махмұдтың бойы кішкентай. 57 келіге болмайды", - деген пікірлерді көп естимін. Бірақ бойы кішкентай қаншама шетелдік боксшылар бар. Мәселе бойда емес. Күшім жетіп тұр. Алла қаласа, көреміз. Олимпиадаға лицензия бұйырып жатса, физиканы әрі қарай жақсартамыз. Дәл қазір физикалық тұрғыдан ақсап тұрмыз. Салмағым өсіп жатыр. 57-ге көтерілгенім дұрыс шығар", - деді Махмұд Сабырхан.