Бокстан ӘЧ: Талғат Сырымбетов Азия чемпионына есе жіберді

Өзбекстан астанасы Ташкентте бокстан ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында Талғат Сырымбетов келесі кезеңге өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық боксшы 60 келіге дейінгі салмақта 1/16 финалда өткен жылғы Азия чемпионы, иорданиялық Мохамед Абу-Джаджехпен жұдырықтасты.
Бұл әлем чемпионатына бірінші рет қатысып отырған 22 жастағы Т.Сырымбетовтің екінші жекпе-жегі еді.
Талғат бірден шабуылға көшіп, соққыларын жиі дарытуға тырысты. Бірақ бірінші раундта төрешілер иорданиялық боксшы басым деп тапты. Екінші кезеңде М.Абу-Джаджех ескерту де алды. Бұл жолы таразы басы Т.Сырымбетовке ауды. Үшінші раундта та Талғат аянып қалмады. Алайда төрешілер жеңісті иорданиялыққа берді – 1:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан әлем чемпионатында Сағындық Тоғамбайдың қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Санатәлі Төлтаев келесі кезеңге жолдама алды.