Садриддин Ахмедов: Мен хейтерлерге көңіл бөлмеймін
Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов (13-0, 11КО) хейтерлерге деген көзқарасы туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Сауль Альварестен жеңілгенге дейін Головкинді бәрі қалай құрметтеп, жақсы көргені есімізде. Жеңілістен кейін көпшілік Геннадий бұрынғыдай емес, оның мансабын аяқтайтын кез келді деп айта бастады. Ақша үшін ғана рингке шығады деді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Мен үшін бұл сабақ болды. Енді хейтерлерге мән бермеймін. Өз мақсаттарым бар.
Бокспен айналысқаныма 13-14 жыл болды. Қазір жасым 25-те. Ал мен өмірімнің жартысын осы спортқа арнадым. Кейде мені осал боксшылармен немесе қырық жастағы ардагерлермен төбелеседі деп жазады. Сіз көптеген үздік боксшылардың мансабына қараңыз. Мысалы, Теренс Кроуфордты алайық. Ол 25-ші жекпе-жегінде ғана Юриоркис Гамбоаға қарсы шықты. Бұған дейін оның тарихында атақты есімдер болған жоқ. Осы арқылы ол тәжірибе жинақтады. «Канело» үшін де солай. Әр нәрсенің өз уақыты бар, көбісі мұны түсінбейді», - деді Ахмедов Qazaq Ring Youtube арнасына берген сұқбатында.
Еске салайық, Садриддин Ахмедов проф рингте жеңіліссіз келеді. Оның қоржынында 13 жеңіс болса, оның 11-ін мерзімінен бұрын аяқтаған.