Қарағандыда үстел теннисінен республикалық паратурнир өтеді
Қарағандыда тірек-қимыл аппаратының зақымдануы бар спортшылар арасында үстел теннисінен (ТҚАЗ) жыл сайынғы ашық республикалық турнир өтеді. «Жастар» спорт кешенінде 10 өңірден 50 теннисші бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды өңірінің командасына 15 спортшы енген. Олардың арасында төрт спорт шебері, Қазақстан және Азия чемпиондары бар. Қатысушыларды мүгедектер спорты бойынша облыстық мамандандырылған мектептің жоғары санатты жаттықтырушысы Дархан Тілемісов дайындады.
«Турнир 11-ші рет өтуде. Бұрын ол тек арбаға таңылған спортшыларға арналған еді. Екінші жыл қатарынан параспортшылардың барлық санаттары қатысып келеді. Бүгінгі таңда ең мықтылар өнер көрсетеді. Қазақстан құрамасының барлық мүшелері, халықаралық ойындарға қатысушылар келді. Жақсы тәжірибе алмасу, шеберлікті арттыруға мүмкіндік болады және, әрине, қарым-қатынас орнайды. Жылдан жылға біздің міндетіміз – осы турнирдің деңгейін көтеру», – дейді Дархан Тілемісов.