Үш боксшымыз әлем чемпионатының келесі кезеңіне жолдама алды
Делидегі əлем чемпионатының 5-күні келесі кезең жолдамасы үшін 4 қазақстандық боксшы сарапқа салды, деп хабарлайды Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Күндізгі сессияда Жазира Орақбаева (52 кг) мен Мадина Нұршаева (70 кг), кешке Жайна Шекербекова (54 кг) мен Валентина Хальзова (75 кг) күш сынасты.
Алғашқы əлем чемпионатына келген Жазира 2 жекпе-жекпен шектелді. Ол 52 кг дейінгі салмақта үздік боксшының бірі үндістандық Сакши Сакшиден ұтылып қалды.
Жалпы Жазира үшін кездесу қиын өтті. Жанкүйерлер өз отандасына қызу қолдау көрсетті, Сакши де Жазираны сəт сайын шабуылдап, тықсырып, еш мүмкіндік берген жоқ.
Тағы бір қазақстандық Мадина Нұршаева Делидегі алғашқы кездесуде оңтүстік кореялық Чой Хонгёнді сенімді ұтты. Бұл екі ел боксшыларының осы Əлем чемпионатындағы 3-жекпе-жегі. Қуанышымызға орай, біздің боксшылар əлі жол берген жоқ. Мадина 70 кг дейінгі салмақтағы көпке беймəлім қарсылас деуге болады. Қазақстандық спортшы көп қиналмастан келесі кезеңге шықты. Енді ол бразилиялық Барбара Дос Сантоспен сынға түседі.
Кешкі сессияда əлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері Жайна Шекербекова Үндістандағы 2-жекпе-жегінде өзбекстандық Нигина Рустамованы ұтып, әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды. Қазақстандық боксшы техникасы мен күшін қатар қолданып, ұпай қорын молайтып отырды.