Универсиада-2023: Бүгін кей спорт түрлерінен жарыстар басталады

12 қаңтарда АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 2023 жылғы Қысқы универсиадада кейбір спорт түрлерінен жарыстар басталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ал дүбірлі доданың ресми ашылу салтанаты 13 ақпанда елорда уақытымен 5.50-ге белгіленген.
Алғашқы жарыс күні шайбалы хоккей және сноубордтан сайыс басталады.
Дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынайды.
Оның ішінде шаңғымен жарысудан 14, шорт-тректен 12, биатлоннан 9, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден 6, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан 2, шайбалы хоккейден 23 қазақстандық студент жарыс жолына шығады.
Универсиада ойындарының тарихы 1924 жылдан бастау алады. Ол 1959 жылға дейін бүкіләлемдік университет ойындары аталып келді.
1959 жылдан бастап универсиада болып танылды. Оған қатысу талаптары енгізілді.
Ол бойынша 17 жасқа толған және 28 жастан аспаған жігіттер мен қыздар аталмыш ойындарға қатысуға мүмкіндік алады.
Сондай-ақ, олар міндетті түрде өз елінің жоғары оқу орнының бірінде білім алатын болуы тиіс.
Бұған дейінгі универсиадаларда қазақстандық студенттер 2017 жылы жоғары нәтиже көрсетті.
Еліміздің Алматы қаласында өткен бәсекеде олар 11 алтын, 8 күміс пен 17 қола олжалады.
Нәтижесінде барлығы 36 медальмен Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орын алды.
Қазірге дейін қазақстандық спортшылар барлығы 107 медальға ие болды. Олардың 20-ы алтын, 40-ы күміс, 47-і қола медаль.
Бұл жөнінен жалпы командалық есепте 107 мемлекеттің арасында 35-орында тұр. Көш басында АҚШ, Қытай, Ресей спортшылары келеді.