Басқа

Каратэшілер Джакартадағы бәсекеден олжалы оралды

Каратэшілер Джакартадағы бәсекеден олжалы оралды
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін Индонезия астанасы Джакартада аяқталған WKF каратэден А сериясының 4-кезеңі Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды. Жылдың қорытынды бәсекесіне аттанған Ұлттық құраманың 14 кумите шебері 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медальға қол жеткізіп, жалпы есепте 3-орын алды. Ката бағдарламасында қазақстандықтар барған жоқ.

Әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта финалға екі қазақстандық каратэші Әсемгүл Ердәулет пен Гүлмира Үсенова шығып, алғашқысы 3-1 есебімен жеңді.

Ал екінші алтын медальді Лаура Әліқұл қоржынға салды. Ол 68 келіге дейінгі салмақтың ақтық сынында Сара Дойбледен (Швейцария) 3-0 есебімен басым түсті. Алғашқы халықаралық жарысына қатысып жатқан Лаура жартылай финалда индонезиялық Деви Трианнаны ұтқан (Есеп: 3-1).

Ерлер арасында 60 кг дейінгі салмақта Дәулет Шымырбеков соңғы жекпе-жекте марокколық Айман Такзимаға еш қарсылық көрсете алмай (0-8), күміс жүлдегер атанды. Дәулет жартылай финалда тайбэйлік Гуань-Шиун Ванды ойсыра ұтқан еді. Есеп: 6-0.

Сондай-ақ Низамитдин Халматов (-60 кг), Дамир Камал (-67 кг), Нұрнияз Елдашев (+84 кг) өз салмағында үштікті түйіндеді.

Айта кетейік, осыған дейінгі кезеңдерді Памплона (Испания), Каир (Мысыр) мен Қожаэли (Түркия) қабылдаған. Джакартадағы татами додасына 65 мемлекеттің 670-тен астам каратэшісі жиналды. Оның ішінде ең көп спортшыны жарыс қожайыны Индонезия қосты (139). Одан кейін Үндістан (67), Тайбэй мен Украина (26-дан) тұр. А сериясының келесі кезеңі 2023 жылғы 13-15 қаңтар аралығында Грекия астанасы Афиныда өтеді.

Түпнұсқасы: kazsports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер