Басқа

Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Милад Карими мен Нариман Курбанов финалға шықты

 Спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты: Милад Карими мен Нариман Курбанов финалға шықты

Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында спорттық гимнастикадан 51-ші Әлем чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.

Бүгін сынға түскен 2 қазақстандық жекелей сында финалға жолдама алды. Милад Карими еркін жаттығуда 14.733 ұпаймен 3-орын алса, Нариман Курбанов ат снарядында өнер көрсетіп, 3-сатыға тұрақтады (15.033 ұпай). Жеке бағдарламадағы финал 5 қарашада өтеді. Мұнда іріктеуде алған ұпайлар есепке алынбайды.

Өкінішке қарай, командалық сында Ұлттық құрама іріктеуде 18-ші болып, ақтық сынға өте алмады. Ел намысын Милад Карими, Нариман Курбанов, Дмитрий Патанин, Ілияс Азизов пен Эмиль Ахмеджанов қорғады.

Кеше әйелдер арасындағы іріктеуде қазақстандық Аида Бауыржанова 77-ші (46.765 балл), ал Көркем Ербосынқызы 107-сатыдан (41.799) көрініп, келесі кезеңге өте алмады.

Айта кетейік, Ливерпульде апта бойы 74 елден келген 400-ден астам таңдаулы гимнаст өзара бақ сынайды. Бұл қатарда былтырғы 6 әлем чемпионы бар.

Биыл Әлем чемпионатына алғаш рет Әлем Кубогы кезеңдері мен құрлық чемпионаттары арқылы іріктеу жүргізілгенін айта кеткен жөн.

Жалпы Ливерпуль – спорттық гимнастикадан Әлем чемпионатын қабылдап жатқан Ұлыбританиядағы 4-қала. Бұған дейін Бирмингем (1993), Лондон (2009) мен Глазгода (2015) жылдың үздіктері анықталған.

Бұл додада Париж Олимпиадасында өнер көрсететін 6 команда (ерлерден 3, әйелдерден 3) анықталмақ. Ал келесі жылғы әлем чемпионаты Бельгияның Антверпен қаласында өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0