12 жастағы қазақстандық Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында үздік атанды
12 жастағы Сауат Нұрғалиев 1-11 қазан аралығында Әзербайжанда өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында 16 жасқа дейінгі спортшылар арасында бірінші орын иеленді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық мүмкін болған 5 ұпайдан 4,5 ұпай жинап, турнирдің жекелей есебінде «алтын» жеңіп алды. Жарыста Нұрғалиев төрт рет жеңіске жетіп, бір тең ойын өткізді. Еліміздің тағы бір өкілі Иманғали Ахилбай жекелей есепте қола жүлдені жеңіп алды.

Турнирде Қазақстан намысын Даниял Сәпенов, Әмина Қайырбекова, Алуа Нұрманова, Ілияс Сәбитов, Сауат Нұрғалиев және Иманғали Ахилбай қорғады.
«Жалпыкомандалық есепте Қазақстан спортшылары Үндістан мен Иранның мықты командаларын басып озып, үздік төрттікке енді. 1-орынды Түркия иеленді, одан кейінгі орындарда Өзбекстан мен Әзербайжан шахматшылары. Соңғы турға дейін медальдар үшін өте сәтті күрестік, жақсы ойын көрсеттік. Ең бастысы, балалар өте жоғары дайындықты көрсетті. Бізде 12 және 14 жастағы балалар ойнады, келесі жылы да дәл осындай құраммен медальдар үшін таласуды жоспарлап отырмыз», - деді Қазақстан құрамасының капитаны Павел Коцур.
Айта кетейік, Сауат таяуда Грузияда өткен шахматтан 12 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы 2022 жылғы әлем чемпионатында жүлдегер атанған болатын.