Басқа

Каратэ: Қазақстандықтар Бакудегі премьер-лигада 3 медальге ие болды

Каратэ: Қазақстандықтар Бакудегі премьер-лигада 3 медальге ие болды

2-4 қыркүйек аралығында Әзірбайжан астанасы Бакуде каратэден Премьер-лиганың 4-кезеңі өтті. Осыған дейін турнирді Фуджейра (БАӘ), Матозиньуш (Португалия) пен Рабат (Марокко) қаласы қабылдаған.

Қазақстандық татами шеберлері бәсеке қорытындысы бойынша 1 алтын және 2 қола медальге қол жеткізді.

Кумите бағдарламасында 75 келі салмақта Нұрқанат Әжіқанов қарсылас шақ келтірмей, Премьер-лигадағы алғашқы алтынын мойнына тақты. Қазақстандық финалда әлем чемпионы, ирандық Бахман Асгари Гончехті (3:2) ұтты.

Ал жуырда Коньядағы Ислам Ынтымақтастығы ойындарының чемпионы атанған Қайсар Алпысбай (60 кг) мен Дидар Әмірәлі (67 кг) үздік үштікті түйіндеді. Дәл осылай Әсел Қанай мен Ислам Ынтымақтастығы ойындарының чемпионы Софья Берульцева да қола медаль үшін таласқанымен, қарсыласқа жол берді.

Жалпы Баку төріне 58 елдің 350 атлеті жиналды. Әр салмақ пен бағдарламаға тек 32 спортшыдан іріктелді. Ең көп спортшыны Италия құрамасы қосса (23 адам), Жапония 21, Түркия 20 каратэшіге үміт артты. Қазақстандықтардың бәрі (12 адам) тек кумите бағдарламасында өнер көрсетті.

 

Түпнұсқасы: kazsports.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0