Стенд атудан ел үздіктері анықталды
Елордада стенд атудан Қазақстан Кубогының үшінші кезеңі мәресіне жетті.
Байрақты бәсеке атудың скит және спортинг түрлері бойынша өткен еді. Оған бас-аяғы 100-ден аса спортшы жиналып, аптаға жуық өзара сынға түсті. Нәтижесінде, ерлер арасында Эдуард Ещенко, Андрей Фролов және Давид Почивалов сияқты спортшылар жүлдегер атанды. Әйелдер арасында Зоя Кравченко алдына жан салмады.
Ал, спортинг түрінде елордалық Қуаныш Күшекбаев жеңімпаз болды. Бұған қоса, стенд атудың командалық және аралас бағыттары бойынша да медальдар жиынтығы сарапқа салынды.
Байрақты бәсекеде жасөспірімдер де бақтарын сынап, шеберлік шыңдауға мүмкіндік алды. Енді осы сұрмергендер қарашада тағы бас қосып, Қазақстан кубогының шешуші, яғни,төртінші кезеңіне қатысады.
Аталған жарыстар қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталып, Хорватияда өтетін лицензиялық әлем чемпионатына аттанады.