Қазақстандық теннисшілердің АҚШ ашық чемпионатындағы қарсыластары белгілі болды
«Үлкен дулыға» турнирі - АҚШ ашық чемпионатының жеребесі тартылды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, еліміздің ерлер арасында бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған франциялық Уго Гастонмен кездеседі.
Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы, Уимблдон чемпионы Елена Рыбакина іріктеу сайыстары жеңімпаздарының бірімен кортқа шығады.
Рейтингте 39-сатыдағы Юлия Путинцева әлемнің 24-ракеткасы, америкалық Аманда Анисимовадан өтуге тырысып көреді.
Сондай-ақ Анна Данилина, Андрей Голубев және Александр Недовесов жұптық сында жарысқа қатысады. Олардың қарсыластары кейін анықталады.
US Open додасы 29 тамыз - 10 қыркүйек аралығында өтеді.