Алматыда әлем чемпионатының жүлдегерлері марапатталды
Алматы қаласында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Кеңес Рақышев, ҚБФ атқарушы директоры Азиз Қожамбетов, республикалық Спортты дамыту дирекциясының директоры және ҚБФ вице-президенті Маратбек Мықтыбеков, Алматы қаласы бокс федерациясының президенті Ержан Қосмамбетов былғары қолғап шеберлеріне, олардың бапкерлері мен Ұлттық құрамадағы кешенді-ғылыми топ өкілдеріне қаржылай сертификат табыстады.
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Түркияда өткен әлем чемпионатында 5 медаль (1 күміс, 4 қола) жеңіп алғанын айта кетейік.
Кішігірім баспасөз конференциясынан кейін еліміздің үздік боксылары ақшалай сертификаттар мен соңғы үлгідегі ұялы телефонға ие болды. Кеңес Рақышев өз атынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алуа Балқыбековаға 30 000 АҚШ долларын табыстады. Ал қола жүлдегерлер – Жайна Шекербекова, Дина Жоламан, Карина Ибрагимова мен Валентина Халзова федерация президентінен 10 000 АҚШ долларын алды.
Шамиль Сафиуллин бастаған жаттықтырушылар штабының өкілдері, жеке жаттықтырушылар мен ғылыми топ та назардан тыс қалмады. Олар 800-ден 1 300 АҚШ долларына дейін сыйақы алды.