Әлем чемпионатының ашылу матчының басталатын уақыты белгіленді
Катарда өтетін футболдан әлем чемпионаты жоспарланған кестеден бір күн бұрын, яғни 20 қарашада басталады.
«ФИФА-2022 әлем чемпионаты жергілікті және шетелдік жанкүйерлер үшін тіптен мерекелік сипатта басталатын болды, өйткені қабылдаушы ел Катар енді Эквадормен жексенбі, 20 қараша күні сағат 19:00-де (Нұр-Сұлтан уақытымен 22:00) кездеседі.
Билет иелеріне матчтардың ауыстырылғаны туралы электрондық пошта арқылы хабарланады және олардың билеттері жаңа күн/уақытқа қарамастан жарамды болып қалады.
Сонымен қатар, ФИФА осы өзгерістен туындайтын кез келген мәселелерді шешуге тырысады», - деп мәлім етті ФИФА.
Бұған дейін чемпионаттың бірінші матчы 21 қарашада Сенегал мен Нидерланд арасында өтеді деп жоспарланған. ФИФА шешімінен кейін бұл матч 21 қараша сағат 19:00-ге ауыстырылды, яғни Катар мен Эквадор арасындағы ойынға бөлінген кешкі уақытқа ауысты.