Басқа

Алматыда таеквондодан Азия чемпионатының жүлдегерлері марапатталды

Алматыда таеквондодан Азия чемпионатының жүлдегерлері марапатталды

Алматы қаласындағы «Анкара» қонақүйінің «Астана» залында таеквондодан биылғы Азия чемпионатының жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметі.

Жиынға Қазақстан таеквондо федерациясының Экономика және қаржы жөніндегі вице-президенті Қанат Сағынаев пен Спорт мәселелері жөніндегі вице-президент Қайрат Дүйсенов қатысып, сары құрлық біріншілігінен жүлделі оралған таеквондошыларымызға Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Вячаслав Кимнің атынан қаржылай сыйлықтар табыстап, құттықтауын жеткізді.

«Құрметті спортшылар! Ең алдымен сіздерге қажырлы еңбек пен жетістіктеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздер қайсар мінез бен жеңіске деген ұмтылыстың үлгісін паш еттіңіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз – көптеген адамдар, әсіресе өскелең ұрпақ үшін үлгі», - делінген президенттің құттықтау хатында.

Өз кезегінде Қанат Сағынаев: «Ізбасарларыңыз сіздерден жоғары көрсеткіштерге, биік мақсатқа жету жолында аянбау керектігін, соңына дейін күресу керектігін үйренеді.

Бапкерлер мен жаттықтырушыларыңыздың еңбегі де орасан. Олар әрқашан сіздердің қасыңыздан табылды, қолдап, демеді, жігерлендірді. Тіпті сіздің әлеуетіңіз бен мүмкіндігіңізге, жеңісіңізге сізден де артық сенді.

Деніңіз сау, жарақаттан аман болыңыздар, бағындырар белестеріңіз биік болсын деп тілеймін!» - деді.

Сонымен қатар тамыз айында өтетін Ислам ынтымақтастық ойындарында сәттілік тіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Азия біріншілігі Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында маусымның 24-27-сі аралығында өтіп, онда қазақстандық таеквондошылар бір күміс, жеті қола медаль иеленді: Рита Бакишева (46 кг), Ботагөз Қапанова (49 кг), Нұрай Құсайынова (67 кг), Жансель Дениз (күміс медаль, 73 кг), Жасурбек Исраилов (58 кг), Әділет Базарбаев (63 кг), Нұрлан Мырзабаев (80 кг) пен Смайыл Дүйсебай (87 кг).

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0