Басқа

Бирмингемдегі Дүниежүзілік ойындар мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы

Бирмингемдегі Дүниежүзілік ойындар мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы

АҚШ-тың Алабама штатындағы Бирмингем қаласында XI Дүниежүзілік ойындар аяқталды. Қазақстан құрамасы мұхиттың арғы бетіне 8 спорт түрінен 16 спортшы апарып, 4 медаль (1 алтын, 2 күміс, 1 қола) жеңіп алды.

Нәтижесінде Қазақстан делегациясы Португалиямен бірдей көрсеткіш көрсетіп, жалпы есепе 37-сатыға тұрақтады. Осы тұста АҚШ-тар барлығы 73 ел жүлдеге қол жеткізгенін айта кетейік.

Каратэден Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева жарыстың 2-күні өз салмағында қарсылас шақ келтірмеген еді. Ал джиу-джитсудың неваза түрінен сынға түскен Галина Дуванова мен муай-тайдан 2 дүркін әлем чемпионы Алмаз Сәрсембеков ақтық сында сүрінді. Сондай-ақ спорттық акробатикадан Даниэль Диль мен Вадим Шуляр жұбы үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстан Дүниежүзілік ойындарға алғаш рет 1993 жылы Нидерланд Корольдігінің Гаага қаласында 20 спорт түрінен қатысқан. Сол сында бізге 1 алтын, 1 күміс пен бір қола бұйырған. Ал ең нәтижелісі 2017 жылы Вроцлав қаласында (Польша) өткен ойындар. Ол кезде 27 спорт түрінен сынға түскен қазақстандықтар 1 алтын, 5 күміс және 2 қола медаль еншілеген. Бирмингем жүлде саны мен сапасы жағынан 2-орынға шықты.

Естеріңізге сала кетейік, Бирмингемде әлемнің әр елінен келген 3500-ден астам атлет 34 спорт түрінен 223 медаль жиынтығын сарапқа салды. Соның ішінде Қазақстандық спортшылар 8 спорт түрі – кикбоксинг, садақ ату, муай-тай, джиу-джитсу, спорттық акробатика, брейкинг, WKF каратэден жүлдеге таласты.

Дүниежүзілік ойындар 1981 жылдан бастап 4 жылда бір рет, олимпия ойындарынан кейінгі жылы ұйымдастырылады. Дүниежүзілік ойындар 2001 жылдан бастап Халықаралық Олимпиада комитетінің қол астына көшті. Әуелі тек олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен өтетін. Бертін келе 4 жылдықтың басты бәсекесіндегі спорт түрлері қосылды. Мәселен, Бирмингемде көркем гимнастика, садақ ату, құзға өрмелеу сынды олимпиадалық спорт түрінен жүлде сарапқа салынады. Ал лакросс, каноэ-марафон, дрон жарыстыру, кикбоксинг, брейк-данс, паркур мен арқан тартыс секілді спорт түрінен алғаш рет Дүниежүзілік ойындарда жарыс өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0