«Елорда кубогі». 7 боксшы қызымыз финалға шықты
«Елорда кубогі» халықаралық турнирі шарықтау шегіне жақындап қалды.
Әйелдер боксында бас бапкер Шәміл Сафиуллин сенім артқан 45 аруымыздың жетеуі бас жүлдеге таласпақ. Мұнда бәсекелестік тіптен жоғары. Елордаға Әлем мықтылары - Қытай мен Үндістан келген. Сондай-ақ, кейінгі кездері көрші Өзбекстан қыздары да қарқын алған.
Біздің қыздар да барын салуда. Әсіресе, Марина Вольнованың ерлігін атап өтпеске болмайды. Қазақстан әйелдер боксынан тұңғыш болып Олимпиада жүлдесін жеңіп алған Марина 75 келіде финалға шықты. Оның ақтық айқастағы қарсыласы - Қытай боксшысы. Одан бөлек, Жайна Шекербекова мен Карина Ибрагимова да үстемдіктерін байқатып, финалға шықты.
Ал финалдағы боксшыларының саны бойынша Қазақстан арулары тек Қытайға жол беріп тұр. Пандемияға байланысты ұзақ уақыт шетелдегі турнирлерге қатыса алмаған олар бұл турнирге ерекше құлшыныспен келіпті. Финалдық жекпе-жектер 4 шілдеде елорда уақытымен сағат 14:00-де басталады.