«Еурокубоктың топтық кезеңіне шығуға тырысамыз». Тағыберген «Тобылдың» алға қойған мақсатын айтты
Қазақстан құрамасы мен «Тобыл» футбол клубының капитаны Асхат Тағыберген Prosports.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Чемпиондар лигасы ойындарына дайындық, Милан Миланович, шетелден келген ұсыныстар және маусымдағы алға қойған міндет туралы айтты.
- Асхат, алдағы «Ференцварошқа» қарсы ойыннан не күтесіз?
- Чемпиондар лигасындағы ойындар ерекше болатыны анық. «Ференцварош» – өте мықты команда, Венгрия чемпионы. Біз қарсыласты құрметтейміз, бірақ қорықпаймыз. Жүз пайыз жақсы дайындалып, жанкүйерлерімізге сапалы футбол көрсетуге тырысамыз.
– «Ференцвароштың» ойынын талдауға кірісіп кеттіңіздер ме?
- Жоқ, біз қазіргі сәтте ел чемпионатындағы ойындарға назар аудардық. Сондықтан, ертеңнен бастап «Ференцвароштың» ойындарын сараптай отырып, Чемпиондар лигасына дайындықты бастауды жоспарлап отырмыз.

– Жақында «Тобыл» тізгінін бұрында «Ертісте» жұмыс істеген Милан Миланович ұстады. Оның жұмысына қандай баға берер едіңіз?
– Менің ойымша, баға беруге әлі ерте. Иә, маман шабуылға басымдылық бертін футболды жақсы көретінін көрсетті, бірақ әр бапкердің жақсы және жаман жақтары болады. Бірақ оның клубқа келгенін бәріміз оң қабылдадық.
- Александр Москаленконың кетуі ойыншыларға әсер етті ме?
- Жоқ, әсер еткен жоқ. Команда кәсіпқой ойыншылар жиналған, біз өзімізге берілген кез келген маманмен жұмыс істей аламыз.

- Қазақстан құрамасындағы ойындардан кейін шетелден ұсыныстар түсті ме?
- Өкінішке орай түскен жоқ. Менің ойымша, жас ұлғайған сайын өзге жерге барып ойнау қиындай түседі. Бірақ, егер ұсыныс болса, қарастыруға дайынбыз.
- Биылғы маусымда қазақстандық клубтар еурокубоктардың топтық кезеңіне шыға ала ма?
– Әрине, біз спортшы ретінде алдымызға биік мақсат қоямыз. Біз өзіміз Еуропалық жарыстардың бірінің топтық кезеңіне шығуға тырысамыз. Әрине, біз ештеңеге уәде бермейміз, бірақ алға қойған міндетті орындауға бар күшімізді саламыз.

– Команда алдында қандай міндет тұр?
– Бізге ең жоғары мақсаттар қойылған – ел чемпионы атанып, кубокты жеңіп алу және еурокубоктың топтық кезеңіне шығу. Бір рет биік белесті бағындырғаннан кейін, сол межеден төмендеуге болмайды.
Фотосуреттер ашық көздерден алынған