Қарағанды облысының ерекше спортшылары арасында жарыс басталды
Қарағандыда екі жылдық үзілістен кейін тірек-қимыл аппараты бұзылған, есту және көру мүмкіндігі нашар спортшылар арасындағы дәстүрлі облыстық спартакиаданың жалауы қайта желбіреді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
<span> Екі күн ішінде 200-ден астам спортшы өз шеберліктерін көрсетеді. Олар Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарынан жиналды.</span>
<span>Бағдарламаға спорттың бес түрі енгізілген: шағын футбол (есту қабілеті төмен), дойбы 64 (көру қабілеті нашар), тоғызқұмалақ (көру қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты зақымданған (ТҚАЗ) спортшылар), жеңіл атлетика (ТҚАЗ), үстел теннисі (ТҚАЗ, есту қабілеті төмен). </span>
<span>«Қатысушылар көп жиналғанына қуаныштымыз. Бұл тек спорт жарыстары ғана емес, кездесулер мен қарым-қатынас. Бүгінгі жарыс – қыркүйек айында өтетін сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша спартакиадаға іріктеу», – дейді облыстық мүгедектер спорты бойынша мамандандырылған мектептің басшысы Елена Фархутдинова. </span>
<span>Жеке және командалық біріншіліктердегі жеңімпаздар медальдармен және кубоктармен марапатталады. Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы облыстық спартакиадада Жезқазған қаласының командасы бірінші орын алды.</span>