Алматының спорт басшысы қызметінен кетті
Prosports.kz сайтына белгілі болғандай, Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов қызметінен кететін болды.
Еске сала кетейік, бұл қызметке Байсейітов 2018 жылдың шілдесінде тағайындалған болатын. Оған дейін спорт функционері оңтүстік астананың спорт шаруашылығында жұмыс істеген: 2016 жылы маусымда ол «Алматы қаласындағы 2017 жылғы 28-ші Дүниежузілік қысқы Универсиадаға дайындалу және өткізу жөніндегі дирекцияны» басқарған Наиль Нуровтың орнына Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды.
Айта кетейік, 6 қаңтарда Алматыдағы қайғылы оқиға кезінде белгісіз біреулер Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың кортежіне оқ жаудырып, Рүстем Байсейітов жараланған болатын. Салдарынан «Алматы» телеарнасының қызметкері Мұратхан Базарбаев қаза тапқан. Телеарна операторы Диаскен Бәйтібаевтың қолынан оқ тиіп, Алматы әкімінің жүргізушісі мен діни басқарма басшысы Нұрлан Кәкімов те жараланған.