«Мұндай нәтиже бұрын-соңды болмаған»: Әлия Юсупова гимнастардың топтық жаттығудағы аяқ алысын бағалады
Көркем гимнастикадан Қазақстан командасы үшін биылғы маусым сәтті басталды. Әлия Юсупова жаттықтыратын бас құрама топтық жаттығудан тұңғыш рет әлем кубогі кезеңдерінен жүлде алса, арнайы Ресейде дайындалып жатқан Эльжана Таниева бірнеше рет үздік үштікке енді. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген бас бапкер әрі Қазақстан гимнастика федерациясының президенті Әлия Юсупова спортшылардың аяқ алысын бағалап, алдағы жоспарларын бөлісті.
– Әлия ханым, топтық жаттығуда бұған дейін әлемдік жарыстардан жүлде алған емеспіз. Команданың бұлай алға басуына не себеп болды?
– Иә, қазіргі таңда қыздарымыз жақсы өнер көрсетуде. Топтық жаттығудан Қазақстан командасы Грекияның Афины қаласында ұйымдастырылған кубоктік кезеңде қола медаль еншіледі. Одан бөлек, Өзбекстан астанасы Ташкентте өткен әлем кубогі кезеңінде екі қола, бір күміске қол жеткізді. Бұл біз үшін өте үлкен нәтиже. Бакуде өткен (Әзірбайжан) әлемдік сында қыздарымыз шығыршық және таспамен жаттығудан финалға шығып, үздік үштікті тұйықтады. Спортшылардың алға басуына басты себеп – командаға мықты бапкердің келуі. Қазір топтық команданы әлемдегі үздік мамандардың бірі, ресейлік жаттықтырушы Инна Быстрова қолға алды. Біздің елдегі көркем гимнастика тарихында алғаш рет гимнастарымыз топтық жаттығудан әлем кубогінен жүлделі орын алып жатыр. Бұрын-соңды тарихта мұндай болмаған. Бұл федерацияның жұмысында да ілгерілеушілік бар екенін көрсетеді.
Эльжана Таниева
– Эльжана Таниеваның әлемдік жарыстарда тұғырдан көрінетін сәті жиіледі. Үздіктер қатарынан орын алып жүрген талантты гимнастшы туралы не айтасыз?
– Жекелей сында Эльжана Таниеваның көрсеткіші өсіп келе жатыр. Болгарияның София қаласында өткен әлем кубогі кезеңінде ұршықпен жаттығудан финалға шығып, қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Ташкенттегі әлем кубогі кезеңінде үшінші орын иеленді. Эльжана Таниева мен Сабина Бакатованы өзім жетелеп апарып, Ресейдегі Ирина Усманова-Винер академиясына табыстаған болатынмын. Қазіргі таңда Эльжана Яна Аринцеваның қоластында жаттығады. Оның көрсеткіштерінің жақсарғаны да Ресейдегі жаттығудың пайдасы. Бапкері де Эльжананың ынтасы жоғары, еңбекқор, талантты екенін айтады. Қазақстанға келгенде өзім жаттықтырамын.
– Эльжананың жекелеген жаттығуда финалға шығып, әлемдік сындардан жүлде алғаны қуантады. Бірақ көпсайыстан финалға өту әзірге мүмкін болмай тұр…
– Иә, төрт жаттығу қорытындысы бойынша Эльжана финалға шыға алмай жүр. Өйткені, оның бағдарламалары өте қиын. Сондықтан, оны үнемі таза орындап шығу үшін әлі де уақыт керек. Маусым енді ғана басталды. Таниева бабына енген соң қателіктер де азаяды деп ойлаймын. Кейде ол допты қолынан түсіріп алады, лентасын байлап алады. Мұның бәрі ұпайды азайтатыны анық. Қазіргі таңда осы олқылықтарды жою үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бүгін көркем гимнастикадан Қазақстан біріншілігі басталды. Төрешілермен де ақылдасып отырамыз.