Василий Жиров Бивол – «Канело» жекпе-жегіне болжам жасады
1996 жылғы Олимпиада чемпионы, IBF тұжырымы бойынша бұрынғы әлем чемпионы Василий Жиров жартылай ауыр салмақтағы WBA Super титулы үшін өтетін ресейлік Дмитрий Бивол мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы жекпе-жекке болжам жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Отандасымыз бұл жайлы «Студия бокса Виктора Ялымова» Youtube-арнасына берген сұхбатында айтты.
«Менің ойымша, «Канело» жеңеді, ол Биволды нокаутқа түсіреді. Оның соққысы керемет. Ол ақылды жігіт, жеңіл бокстасады, стилі маған ұнайды», – деді танымал қазақстандық боксшы.
Айта кетейік, Бивол – Альварес жекпе-жегі 7 мамырда Лас-Вегастағы (Невада, АҚШ) T-Mobile Arena-да өтеді. Дмитрий Бивол өз атағын үшінші рет қорғағалы отыр.
Ал Сауль Альварес жартылай ауыр салмақтағы екінші титулды жеңіп алуға тырысады. Ол 2019 жылы 2 қарашада тағы бір ресейлік боксшы Сергей Ковалевті жеңіп, осы дивизионда WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанған. Бірақ кейін «Канело» аталған белбеуден бас тартты.