Назым Кызайбай: Кәсіпқой бокста бақ сынап көруге қарсы емеспін
Назым Кызайбай – еліміздегі ең танымал бұрымды боксшыларымыздың бірі. Ол жанкүйерлерін сұлулығымен ғана емес, шаршы алаңдағы өнерімен де тәнті еткен. Ел біріншілігінде тоғыз мәрте алтын жүлде алса, әлем чемпионатында үш рет топ жарған.
Жақында Назым «Странджа Кубогында» топ жарып, қоржынына тағы бір алтын жүлдені салды. Бұрымды боксшы Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында ұлттық құрама жайлы, кәсіби рингке ауысу және Олимпиада алтыны туралы айтып берді.
- Назым, былтырлары құрамада түрлі оқиғалар болды. Онда сенің есімің де аталды. Қазір құрамадағы жағдай қалай?
- Ұлттық құрамадағы қазіргі ахуал туралы айтар болсақ бас бапкерді ауыстырды, басқа жаңалық жоқ, жаттығуларымыз жүріп жатыр, жалпы жағдай бірқалыпты.
- Бір сөзіңде «Ұлттық құрама мүшелері турнирлерде аяқтан шалатынын» айтқан едің. Қазір жағдай түзелді ме? Жалпы, осы оқиғалардың нүктесін қойсақ.
- Иә, қазір олқылықтар түзеліп, жағдай реттелді деп ойлаймын.
</picture>- Қазір қандай жарысқа дайындалып жатсыздар?
- Алдағы басты жарыс – Түркияда өтетін әлем чемпионаты.
- Щучинскте өтіп жатқан оқу-жаттығу жиыны туралы айта кетсеңіз.
- Әлем чемпионаты алдындағы алғашқы жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Әу баста Ресей мен Түркиядан бұрымды боксшылар келеді, деп жоспарланған-тын. Бірақ көрші елдегі саяси ахуалға байланысты ресейліктер келе алмады. Түркия боксшыларының да жолы түспеді. Дегенмен өзбек спортшылары келеді, солармен бірге жаттығу өткіземіз. Одан кейін де екі оқу-жаттығу жиыны өтеді. Содан кейін әлем чемпионатына аттанамыз.
</picture>- Былтыр Токио Олимпиадасынан кейін қазақ боксшылары көп сынға ұшыраған. Қазір әйелдер құрамасы қандай деңгейде? Әйелдер боксында қандай проблемалар бар?
- Ұлттық құрамада ешқандай түйіткілді мәселе жоқ деп санаймын. Шынында Токиода өткен Олимпиадада бокста жүлде аз болды, ел қоржынына алтын медаль мүлде түспеді. Бокстан «алтын» алмаған алғашқы Олимпиадамыз. Дегенмен де бұл алдағы Олимпиадаға тың күшпен, тыңғылықты дайындалуымыз керегін естірткен дабыл деп есептеймін, лайықты қорытынды шығаруымыз керек. Қазір әйелдер құрамасы зор мүмкіндікті құр жібермей дайындалып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, жақында өткен халықаралық турнирде боксшы қыздарымыз биік белестерді бағындырды. Қарқынымызды үдетпейміз. Сондықтан да алдағы әлем біріншілігінде жоғары деңгейде өнер көрсетеміз деген ойдамын.
</picture>- 2022 жыл сен үшін табысты басталды. Болгариядағы «Странджа кубогында» алтын медаль иелендің. Турнир қалай өтті?
- Болгария астанасында өткен бұл дәстүрлі турнир биыл 73-рет өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Негізінде бұл турнирді «әлемнің кіші чемпионаты» деп те атайды. Айтулы додаға шаршы алаң қожайындарынан бөлек, 35-тен аса елдің боксшылары қатысты. Мен бұл турнирде төрт жекпе-жек өткіздім. Алғашқы айналымда ресейлік боксшымен кездесуім керек еді, бірақ ол денсаулығына байланысты жарысқа қатыспады. Маған осы жекпе-жек қызық болған еді, өйткені қарсыласым әлем чемпионы атанған боксшы (2019 жылы, 48 келі), бұл салмақта мен де әлем чемпионы атандым. Қазір екеуіміз де 50 келіде шаршы алаңға шығып жүрміз. Сол үшін де мен онымен күш сынасып көргім келген, сәті түспеді.
Екінші айналымда испаниялық боксшымен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша жеңдім. Жартылай финалда француз боксшысымен кездестім. Бірінші раундты 3:2 есебімен ұпайды қарсыласыма берді, осыдан кейін жаттықтырушымның тапсырмасымен тактикамды өзгертіп, қалған екі раундта екі есе ширақ қимылдап, жекпе-жекте жеңіске жеттім. Ал финалда өзіме бұрыннан таныс Алжир боксшысын айқын басымдықпен жеңдім.
</picture>- Болгарияда 50 келіге дейінгі салмақта сынға түстің. Салмақ ауыстыру ойда жоқ па?
- Әзірге салмақ ауыстыру ойымда жоқ. Соңғы ақпараттарға сенсек, 50 келі олимпиадалық салмақ деп танылды. Жағымды жаңалыққа өте қуаныштымын. Бұлай болмаған күннің өзінде, олимпиадалық салмаққа ауысуым бек мүмкін.
- Алда қандай маңызды жарыстар жоспарда бар?
- Биыл, 2022 жылы көптеген жарыс бар. Қазір әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Әлем біріншілігінен кейін көп ұзамай Азия чемпионаты басталады. Азия ойындары бар. Ең маңыздысы, әрине, Азия ойындары, Олимпиададан кейін тұрған ірі жарыс. Десек те мен үшін әлем чемпионатының маңызы зор. Мақсатым – әлем чемпионаты мен Азия ойындарында табысты өнер көрсету.
- Назым, жеке өміріңе де тоқталсақ. Бокстан, жарыстардан тыс уақытта немен айналысасың?
- Жеке өмірге уақыт жоқ деуге болады. Қазір кестеге сай дайындалып жатырмыз. Тәртіпке бағынамыз. Жарыстан, жаттығудан кейін бапкер бір-екі күн демалыс береді. Үшінші күні қайтадан жаттығуға кірісеміз. Сол бірер күнді отбасыммен бірге өткізуге тырысамын. Үйде отырсақ та жаттығу жасауды ұмытпаймыз. Маған бильярд, баскетбол секілді спорт ойындары ұнайды. Негізгі хоббиім – балық аулау. Бірақ қармақ ұстамағалы да біраз уақыт болыпты.
</picture>- Сұхбаттарыңда Олимпиада чемпионы болғың келетінін жиі айтасың. 2024 жылы Париж Олимпиадасы кезінде 30 жастан асасың. Бұл соңғы мүмкіндігің деуге бола ма?
- Адамның дансаулығы жақсы болса, жасқа байланысты шектеулерге қараудың қажеті жоқ деп есептеймін. Денсаулығың жақсы, ойдағыдай нәтиже көрсетсең, еліңе жеңіс бақытын сыйлауға деген ынтаң болса спортта жүре беруге болады. Келешектегі басты мақсатым - Олимпиадада топ жару. Сосын жаттықтырушылықпен айналысып, ел мерейін үстем ететін даңқты спортшыларды тәрбиелеу. Бұл зор жауапкершілік және де осы бағытта аянбай тер төгуге дайынмын.
</picture>- Қазір әйелдер арасындағы кәсіпқой бокс қарқын алып жатыр. Әуесқойдан кәсіпқой боксқа ауысқың келмей ме?
- Әрине, ауысқым келеді. Ондай ұсыныстар да болған. Бір, бір жарым жыл бұрын үш-төрт жерден ұсыныс түскен. Қазір әуесқой мен кәсіпқой боксты бірге алып жүруге рұқсат етілген, көп елде екеуін қатар алып жүрген боксшылар бар, оларды білемін. Егер жақсы ұсыныс түссе, қазірдің өзінде кәсіпқой бокста бақ сынап көруге қарсы емеспін. Кәсіпқой бокс мен үшін де өте қызық. Жасырын емес, кәсіпқой боксқа, аралас жекпе-жекке қызығамын. Бұл туралы жаттықтырушыммен де кеңескенмін. Сондықтан кәсіпқой бокс мен үшін де, бапкерім үшін де қызық тақырып сияқты. Ара-тұра жаттықтырушым менің мәнерім кәсіпқой боксқа келетінін айтады.
- Сұхбат бергеніңізге рақмет!