Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өңірлердегі сараптама жұмысын жалғастыруда
ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өңірлердегі сараптама жұмысын жалғастыруда.
Арнайы құрылған мониторингтік топ Алматы облысындағы спорт нысандарының жұмысымен танысып, сараптама жүргізді.
Ал, бүгін талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша, комитет төрағасы Самат Ерғалиевтің, Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев және аймақтың спорт саласы мамандарының қатысуымен арнайы жиын өтті.
Облыста жалпы саны 3856 спорт ғимараты жұмыс істейді оның 2933-і ауылды жерлерде орналасқан. Сондай-ақ қазіргі таңда Алматы облысында 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Ал бұқаралық спортпен айналысатын адам саны былтырғы жылдың көрсеткіші бойынша 34,5%(жалпы облыс тұрғындарының саны 723,8 мың адам) пайызды құрайды.
Жиын барысында төраға өңірдің спорттық әл-аухатына оң бағасын беріп, өзгертулер енгізу керек тұстарды да атап өтті.
- Алматы облысында соңғы жылдары спорт саласы қарқынды дамуда. Оған дәлел өңірде жаңадан ашылған, заманауи талаптарға сай жабдықталған бірқатар спорт нысандары. Сонымен қатар ерекше айта кететін жайт жергілікті биліктен бөлінетін қаражат көлемі де жыл сайын бірнеше есе артқан. Мұның бәрі Алматы облысының ғана емес, жалпы еліміздің спортының ілгерілеуіне септігін тигізеді деген сенімдемін6 -деді Самат Серікқанұлы.
Сондай-ақ төраға таэквандо спорт түрі бойынша спортшыларға "ҚР спорт шебері" атағын табыстады.