«Жел қатты. Мұндай жел кезінде мүмкіндік жоқ»
Қазақстандық Сергей Ткаченко мен Данил Васильев Бейжің Олимпиадасында трамплиннен секіруден іріктеу кезеңіндегі нәтижесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
- Ештеңе айта алмаймын. Бәрін өздеріңіз көрдіңіздер. Ауа райы жаман болып тұр. Жаттығуда бәрі жақсы болған, ал мұнда осындай жағдай болып отыр. Жел қатты. Мұндай жел кезінде мүмкіндік жоқ. Ал жасанды қар кедергі келтірмеді, тек жел, - деді Ткаченко Prospots.kz тілшісіне.
Данил Васильев те жел тұрғанда қолайсыз болатынын айтады.
- Трамплинді жақсы дайындапты. Бәрі тамаша. Кейде жел қатты соғады. Әрине, қолайсыз. Бірақ жел мен аяз кедергі келтіріп жатыр деп айта алмаймын. Олимпиададағы атмосфера тамаша. Осында жеткеніме қуаныштымын. 17 жасымда Олимпиадаға барамын деп ойламаппын. Бұған дайындалдым. Ертең шеберлігімді көрсетуге тырысамын, - деді Васильев.
Еске салайық, Ткаченко да, Васильев те алғашқы кезеңде топ-50 қатарына еніп, келесі айналымға жолдама алған еді.