Қазақстандық могулшылар Бейжіңдегі жарыс жолын сынақтан өткізді
Фристайл-могулдан Қазақстан командасы Қытайда Олимпиада қарсаңындағы дайындығын жалғстыруда. Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд Olympic.kz сайтына сұхбат беріп, жарыс жолына баға берді.
«Трасса тамаша. Олимпиадалық талаптарға толығымен жауап береді. Әрине, кемшілігі де жоқ емес. Бұл әрбір жарыс жолында кездеседі. Мұндағы трасса сәл қаттылау. Қазір трамплиннен секіріп жатырмыз. Олимпиада қарсаңындағы көңіл-күйіміз тамаша, ештеңе мазаламайды», - дейді Павел Колмаков.
Дмитрий Рейхердтің айтуынша, Қазақстан командасы бұл жарыс жолында алғаш рет бақ сынамақ.
«Біздің үшінші ресми жаттығуымыз өтуде. Трасса өте керемет, трамплинді де сынақтан өткіздік. Жалпы алғанда бәрі жақсы. Бұл жарыс жолында бірінші рет сынға түспекпіз. Бұған дейінгі әлем кубогі кезеңі басқа жерде өткізілген. Жаңа трамплиндер біз үшін жаңа курс. Бәрі де көңілімізден шықты, бәрі ұнайды. Іріктеу сындары 3 ақпанда басталады. Финалдық кезең ерлер арасында 5 ақпанда, әйелдер арасында 6 ақпанда өтеді. Бізге жанкүйер болыңыздар! Алға, Қазақстан», - деді Рейхерд.