Бейжің Олимпиадасы: хоккей турнирінде екі чемпион болуы мүмкін
Халықаралық Олимпиада комитеті ресми сайтында 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы хоккей турниріне қатысты ерекше ережені жариялады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі championat.com сайтына сілтеме жасап.
Коронавирусқа байланысты екі командаға алтын медаль берілуі мүмкін. Егер финал мен қола медаль үшін өтетін матчтың барлық төрт қатысушысы да тіркеуден өте алмаса, яғни хоккейшілер саны 15 ойыншы мен 2 қақпашыға жетпесе, матчтар ойнатылмайды. Финалға шыққан екі команда алтын медаль алады, ал қола медальді сарапқа салатын екі команда да жүлдегер атанады.
Ал егер финалистердің бірінде ғана ойыншылар саны жетпей тұрса, орнына финалға қола медаль иеленген команда қатысады.
Еске салайық, қысқы Олимпиада ойындары 4-20 ақпан арасында өтеді. Хоккей турнирі 9 ақпанда Ресей - Швейцария матчымен басталады.