Бұрынғы әлем чемпионы Головкинді жекпе-жекке шақырды
WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы бұрынғы «уақытша» әлем чемпионы, британиялық кіші Крис Юбэнк IBF және IBO белбеулерінің иегері Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізуге ниетті, деп жазады Prosports.kz.
Юбэнк 29 қаңтарда Кардифф қаласында (Уэльс, Ұлыбритания) өтетін отандасы Лиам Уильямске қарсы жекпе-жекте жеңіске жетсе, GGG-мен кездесуге мүмкіндік алуы ғажап емес.
- Біз Головкинмен бірнеше жыл бұрын жекпе-жек өткізуге жақын болдық, бірақ бәрі соңғы сәтте сәтсіздікке ұшырады. Осы үшін әлі күнге дейін өкінемін. Лиам Уильямсты жеңсем, рейтингтегі орнымды жақсартып, 2022 жылы Геннадий Головкинмен кездесуге мүмкіндік алар едім. Оны жеңе алатынымды білемін, - деді Крис Soccer AM эфирінде.
Айта кетейік, GGG мен Юбэнк 2016 жылы жекпе-жек өткізу туралы келіссөз жүргізген, бірақ кейін отандасымыз Келл Брукпен кездесу өткізді.