Мәдениет және спорт министрлігі жылды қорытындылады
<span>Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2021 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен брифинг өтті.</span>
Жыл басынан 46 мыңға жуық қоғамдық маңызы бар, ауқымды, жаңа жоба өткізілді (оның ішінде мәдениет саласында 45 000 іс-шара, спорт саласында – 500, туризм саласында – 100 жуық іс-шара).
Жалпы республикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес жобалар еліміздің 30 жылдың ішінде жеткен жетістіктерімен байланыстырылып, әр ай өзінің тақырыптық атауымен өтті. Бірқатар іс-шаралар еліміз үшін маңызды мерекелік күндерге арналып ұйымдастырылды.
Жалпы республикалық іс-шаралар жоспары ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 966 қаулысымен бекітілген және 90 іс-шарадан тұрады. Мәдениет және спорт министрлігі 16 іс – шара бойынша жауапты орындаушы (мәдениет – 11, спорт – 5) және 2 іс-шара бойынша бірлесіп орындаушы.
Ақпан айы «Қазақстан – спорттық ұлт» атауымен өтті. Оның аясында 150-ден астам спорттық-бұқаралық шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, спорттық шаралар тек қана ақпан айымен ғана шектелмей жыл бойы да жалғасын тапты. Жалпы жыл басынан 500-ден астам спорттық шаралар өткізілді. Олардың барлығы салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, тәуелсіздік жылдары отандық спортшылардың жетістіктерін халыққа паш етуге бағытталды.
Ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді насихаттау мақсатында наурыз айы «Қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрі» ретінде белгіленді. Оның аясында түрлі форматтағы 1 000-нан астам іс-шара өтті. Барлық іс-шара ұлттық дәстүрлерімізді және мәдени бірегейлігімізді сақтауға, сондай-ақ қоғамның мәдени деңгейі мен рухын көтеруге бағытталды.