«Даулы мәлімдемелерді түсінбеймін». Болат Манкенов Әлімханұлының WBA және WBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионына қарсы алдағы жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан уақытымен жексенбі күні таңертең кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (10-0, 6 КО) АҚШ-та орта салмақтағы WBA және WBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Хассан Ндам Нжикамға (38-5, 21 КО) қарсы кезекті жекпе-жегін өткізеді.
Prosports.kz тілшісі танымал қазақстандық промоутер Болат Манкеновтен Лас-Вегастағы бокс шоуы аясында жоспарланған жекпе-жек туралы пікірін білді.
– Болат Тоқтарұлы, осы демалыста қазақстандық боксшы бұрынғы әлем чемпионы Хассан Ндам Нжикаммен жұдырықтасады. Сіздің ойыңызша, Әлімханұлын қаншалықты қиын сынақ күтеді?
– Жәнібекте барлық басымдық пен белгілі рекорд бар. Нжикам жасы келген, ал Әлімханұлы қазір жас және болашағы зор. Оның жақсы боксшымен жекпе-жекте өзін көрсетуге мүмкіндігі бар. Джошуа мен Кличко арасындағы жекпе-жек есімде, жасы келген Кличко он бір раундта басым болғанымен, он екінші раундта ол ауыр соққы алып, осылайша жастық жеңіске жеткен еді.
– Алдыңғы жекпе-жекте Әлімханұлы мен америкалық Роб Бранттың жекпе-жегінде бәрі ауыр кездесу күткен еді, бірақ шын мәнінде қазақстандық үшін бәрі әдеттегідей болып шықты. Сонда 37 жастағы французға қарсы жекпе-жектен не күтуге болады?
– Нжикам қазір қандай бабында екенін айту қиын, дегенмен мен оны керемет боксшы және әлемнің экс-чемпионы ретінде білемін. Жақсы және қызық жекпе-жек күтемін.
– Әлімханұлының өзі жекпе-жек алдында да орта дивизион чемпиондарын жекпе-жекке шақырып, қорқытудан тайынбайды. Ол өзіне тым сенімді ме?
– Айтайын дегенім, әр салмақ дәрежесінде әртүрлі ұйымда мыңдаған чемпион бар, бірақ олардың 15-20-сы ғана бокстың даңқ сарайына енді. Бұл жігіттердің бәрі талантты, еңбекқор, зерделі, харизмасы мықты еді, бірақ олар «құлатамын, жоқ қыламын» деп айғайлаймайды. Жанкүйерлердің, жаттықтырушылар мен мамандардың жүрегін жаулау үшін боксшыға дұрыс имиджмейкерлер керек. Мұндай даулы мәлімдемелерді түсінбеймін, өйткені әр боксшының қасында рингте кез келген сәтте жарықты өшіретін «электрик» болады. Сондай болып көріну емес, сондай болу керек.
– Нжикам сияқты бұрынғы чемпиондардан басты қауіп не болуы мүмкін?
– Бокста кез келген нәрсе болуы мүмкін және Джошуа-Кличко жекпе-жегі есімізде. Мысал ретінде дәл сол Джошуаның Руиспен алғашқы жекпе-жегін келтіруге болады, оның нәтижесін ешкім күтпеген. Бүкіләлемдік бокс суперсериясының финалында Усик Гассиевті оңай жеңді, дегенмен ол Бриедиске қарсы өте қиын жекпе-жек өткізді де, жартылай финалда ресейлік боксшы Дортикосқа ешқандай мүмкіндік қалдырмаған. Осындай мысалдардан кейін мен ешқандай болжам айтқым келмейді.
– Бірақ алдағы жекпе-жекте Әлімханұлы фаворит па?
– Фаворит жастық пен қуат балансы дер едім. Әрине, Нжикамның шеберлігі мен тәжірибесі ешқайда кетпейді. Француз да мықты жігіт.
– Әлімханұлы-Нжикам жекпе-жегі Лас-Вегастағы бокс кешінің басты оқиғаларының бірі болады және ақылы PPV жүйесі арқылы көрсетіледі. Қазақстандық боксшы жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға тырыса ма?
– Менің ойымша, олардың өз жоспары бар және олар Нжикамды жақсы зерттеді. Бәрі Әлімханұлының қарсыласына рингте өзінің боксы мен тактикасын көрсетуіне байланысты болмақ. Әрине, біз жеңіске жетуіне үміттенеміз, бірақ мен оның жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтауға тырыспағанын қалаймын, өйткені мұндай кезде орындалмай қалады.
– Алдағы жекпе-жегінде жеңіске жетсе, Әлімханұлы орта дивизион чемпиондары Джермалл Чарло немесе Деметриус Андрадемен жекпе-жекке дайын бола ма?
–Жоғары эшелонда үнемі сауда-саттық жүріп тұрады, өйткені бұл үлкен сала және бизнес. Әрине, қазірде мұндай жекпе-жектерге шығу керек, өйткені, Жәнібектің әуесқой бокста рекорды өте үлкен, ал қазір кәсіпқой рингте де белгілі бір рекорды бар. Әлімханұлына үлкен жекпе-жек ұйымдастыратын кез келді, Құдай қаласа, оның промоутерлерінің қолынан келеді деп үміттенемін.