ӘЧ: Қазақстан - Өзбекстан текетіресі жалғасады. Төрт боксшымыз рингке көтеріледі
Жексенбі, 31 қазанда Белградта өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында төрт қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Түстен кейінгі сессияда 54 келі салмақтағы Махмуд Сабырхан 1/8 финалда шотландиялық Мэттью МакХейлмен кездеседі. Qazsport телеарнасында тікелей эфир Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де басталады.
Турнирдің дәл осы кезеңінде кешкі сессияда Саматәлі Төлтаев (60 келі) колумбиялық Дуван Сулета Мореномен, Асланбек Шымбергенов (71 келі) неміс Магомед Шахидовпен, ал Айбек Оралбай (92 келі) өзбекстандық Мадияр Саидрахимовпен жұдырықтасады. Тікелей эфир сағат 22:00-де басталады.
Еске салайық, дәл қазір Қазақстан құрамасы 2021 жылғы әлем чемпионатында екі-ақ жеңіліс тапты: Бек Нұрмағанбет (86 келі) пен Нұрлан Сапарбай (+92 келі) турнирдегі өнерін мерзімінен бұрын аяқтады. Басқа 11 боксшы жарыс жолын жалғастыруда.
Айбек пен өзбекстандық Саидрахимовтың арасындағы текетірес осы турнирде қазақ пен өзбек боксшылары арасындағы үшінші жекпе-жек болмақ. Алдымен, Сәкен Бибосынов Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовты жарыс жолынан шығарып тастаса, Асланбек Шымбергенов әлем чемпионы Шахрам Гиясовты жеңді.