Алмат Кебіспаев: Бірінші, екінші орын алуға мүмкіндік болды. Бірақ...

Алмат Кебіспаев: Бірінші, екінші орын алуға мүмкіндік болды. Бірақ...

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының капитаны Алмат Кебіспаев 67 келі салмақта Ослода (Норвегия) өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

– Әлем чемпионатынан алған қола медаліңіз құтты болсын! Жүлдеңізге көңілің тола ма?
– Құттықтауыңызға рахмет! Маған әлем біріншілігінде қола жүлде бұйырды. Енді... бірінші, екінші орын алуға мүмкіндік болды... Бірақ бұйырғаны қола екен. Дегенмен, жарыстың соңғы күні алынған жүлде болғаннан кейін қазақстандық жанкүйерлер күтті. Алғаннан кейін қуанды. Құттықтады. Сол үшін де қуаныштымын деп айта аламын.

– Норвегияның табиғаты қалай?
– Норвегияның астанасы Осло қаласында болдық. Табиғаты жағынан да, тазалық жағынан да тамаша, әсем, тыныш қала екен. Қатты ұнады. Біз барғанда күнде жаңбыр жауып тұрды.

– Биылғы Токио олимпиадасына қатыса алмадыңыз. Ол туралы не айтасыз?
– Неше жылдан бері Токиоға барамын деп жоспар құрып, еңбектендім. Алайда біздің ойлағанымыздай бола бермейді екен. Тағдыр ғой. Өмірге риза болу керек. Есесіне, әлем чемпионатында бес рет жүлдегер атандым.

– Иә, дүниежүзілік додада бес мәрте жүлдегер атандыңыз. Жасыңыз 34-те. Спорттық карьераңызды қашан аяқтауыңыз мүмкін?
– Дәл қазір карьерамды әрі қарай жалғастыруға денсаулығым да, мүмкіндігім де жеткілікті, Аллаға шүкір! Нәтижем төмендеген жоқ. Ертелі-кеш бәрібір соған келеміз ғой. Дәл қазір маған ешқандай ұсыныс та, басқа таңдаулар да туып тұрған жоқ. Әзір осы жеңістің қуанышты сәтін сезініп тұрғым келеді. Демалып алып, тынығып алғаннан кейін тағы да көре жатармыз. Бапкерлермен ақылдасып жақсы бір жұмыс істеп, басқа жағынан елге пайдам тиетіндей мүмкіндік болса, онда жұмысқа кірісіп кетуіме де болады. Ал бүгін-ертең күрестен кетпеймін.

Айбек МҰХАНОВ

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или