«Жеңісті күндерде жүздескенше»... Қазақ спорт журналистикасы қара жамылды

«Жеңісті күндерде жүздескенше»... Қазақ спорт журналистикасы қара жамылды

16 тамыз күні бар өмірін спорт саласында тілші болуға сарпыған Амангелді Сейітхан 52 жасында бақилық болды, деп жазады Prosports.kz.

Тіпті сенгін де келмейді. Кеше ғана дүбірлі додалардан ақпар таратып, журналистер арасындағы футбол жарыстарына қатысып, командасын жеңіске жетелеп жүрген ағамыздан айырылып қаламыз деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірген бе... Әлемді шарпыған атышулы індет қазақ журналистикасының да қабырғасын қайыстырды. 

Көпшілік Амангелді ағаны сонау Франция жеріндегі әлем чемпионатынан таниды. Төрткүл дүние көз тігетін аяқдоп додасын қазақ тілде жүргізген алғашқы комментатор. «Қазақ тілінде жүргізу мүмкін емес», «Ресейден комментатор шақырайық» деген дөкейлердің сөзіне намыстанған Амангелді Сейітхан интернет жоқ, материал тапшы шақта, алақандай монитор алдында Диас Омаров екеуі чемпионаттың бүкіл матчтарын жүргізіп шықты. «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар» дейтін құнды сөздің дәлелі осы болар.

Одан кейін 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпия ойындарын, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситидегі ақ Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Ақыры төгілген тер өз жемісін беріп, Амангелді Сейітхан 2000 жылы еліміздегі спорт журналистеріне берілетін Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

Амангелді аға ғұмырының соңғы екі аптасын ауруханада өткізіпті. «Жеңісті күндерде жүздескенше» деп репортажын аяқтайтын ағамыз індетті жеңе алмады... Топырағыңыз торқа болып, жаныңыз пейіште шалқысын!

Prosports.kz ұжымы Амангелді ағаның жақын туыстарына қайғыра көңіл айтады. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или