Артаев: Бокстан Қазақстан құрамасының құрамы 80 пайыз өзгереді
Бокстан мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Токио Олимпиадасындағы команданың нәтижесін төмен деп бағалады. Сондай-ақ, баспасөз мәслихаты барысында ол қателіктермен үлкен жұмыс істелетінін жеткізді.
«Боксшылардың көрсеткішін сәтсіздік деп атау орынсыз, мойындау керек, нәтиже төмен. Қазақстандағы барша жанкүйер боксты талқылауда. Ешкім ақталуды көздемейді. Жігіттер жеңіс үшін барын салды. Құраманың бас бапкеріне сендік. Мұнда бар жауапкершілікті оған артып қоятын ойым жоқ. Дайындық кезінде үлкен жұмыс атқарылды, боксшылар бірнеше жарысқа, оқу-жаттығу жиындарына қатысты. Бірақ Риодағы көрсеткішке жете алмай, боксшыларымыз екі қола иеленді.
Енді қатемен жұмыс істеп, Сербиядағы әлем чемпионатына дайындалу қажет. Сол сында жоғары нәтиже көрсету керек. Дайындыққа қатысты да сұрақтар бар. Біз КСРО кезінде қолданылған әдістерден әлі де бас тарта алмай келеміз. Үш реттік жаттығулар боксшыларға ауыр. Мүмкін, жаттығу үдерісіне өзгерістер енетін шығар, бапкерлер құрамына қатысты да сұрақ та қарастырылады. Боксшылардың тамақтану режимін де өзгертуіміз мүмкін. Біз алдағы әлем чемпионатында халықты қуанту үшін барымызды саламыз.
Ұлттық құрамадан ешкім де кеткен жоқ, бәрі орнында қалды. ірақ Токиодағы олимпиадалық құраммен салыстырғанда команда өзгереді. Бізде резерв бар, жастар бар, кәсіби бокста сынға түсетін спортшылар бар. Бәрімен келіссөздер жүргізілуде. Олар келісімдерін беріп те қойды.
Одан бөлек, АІВА әлем чемпионатындағы салмақ дәрежелерінің санын ерлер арасында 13, әйелдер арасында 12-ге жеткізді. Командаға іріктеу қатал талаптармен жүргізіледі. Әлем чемпионатына дейін бар қатемен жұмыс істеп, жақсы бокс көрсетеміз деп ойлаймын», - дейді Артаев.