Бақтияр Артаев: Кәсіпқой бокста жүргендер ұлттық құрамаға келуге дайын
Афины Олимпиадасының чемпионы, қазір Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті Бақтияр Артаев ұлттық құрамадағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Артаевтың сөзінше, құрама 80 пайызға жаңарады. Кәсіпқой бокста жүргендер де ұлттық құрамаға оралуы мүмкін.
«Ұлттық құрамадан ешкім кеткен жоқ. Бірақ Олимпиадаға барған құрама 80 пайызға өзгереді. Өйткені резерв бар, өсіп келе жатқан жастар бар. Бізде кәсіпқой бокста жүрген жігіттер де бар. Бәрімен келіссөз жүргізілді. Кәсіпқой бокста жүрген жігіттердің бәрі келуге дайын», - деді Артаев ОКҚ-дағы онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жаңарған құрамды биылғы әлем чемпионатында көре аламыз. Ал ұлттық құраманы ол кезде кім жаттықтыратыны белгісіз. Себебі «Ғалымбек Кенжебаев отставкаға кетуі мүмкін бе?» деген сұраққа Артаев алдағы бір апта көлемінде жауап берілетінін айтты.